Инженерлік ізденістер – кез келген құрылыс немесе жобалау жұмыстары басталар алдында, жобалау кезінде рационалды шешім қабылдау үшін жергілікті жердің табиғи жағдайы мен бастапқы мәліметтерін жинау мақсатында орындалатын жұмыстар кешені. Соның ішінде біз инженерлік-геодезиялық және инженерлік-геологиялық ізденістер бағытында қызмет көрсетеміз.

  • Инженерлік-геодезиялық ізденістер – жергілікті жердің рельефі мен ситуациясы жайында ақпаратты жинау мақсатында орындалатын жұмыстар кешені. Жобалау жұмыстарының және келесі кезекте орындалатын инженерлік ізденіс жұмыстарының негізі болады.

Көптеген мамандар топографиялық түсіріс пен инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстарын ажырата алмайды. Екі жұмысты шатыстырмай, ерекшеліктерін ажырату мақсатында жеке-жеке тоқталып өтейік.

Топографиялық түсіріс – жергілікті жердің кішірейтілген моделін (проекциясын) қағаз бетінде көрсету немесе жергілікті жердің сандық моделін (ЖСМ) құру мақсатында орындалатын геодезиялық жұмыстардың жиынтығы. Яғни топографиялық түсірістің нәтижесі – топографиялық план.

 Топографиялық планның фрагменті. Қарағанды облысы, Топар кентінің қасындағы күл қоймасының топографиялық планы.

Әрине инженерлік-геодезиялық жұмыстардың негізгі мақсаты ол топографиялық планды жасау, алайда топографиялық план инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстарының 50%-ын ғана құрайды, ал қалған 50%-ы инженерлік желілер жайлы ақпарат (жобалық трассаны далалық және камералдық жағдайда таңдау, көлбеу және көлденең профильді сызу, меншік иелерін анықтау, электр желісі және технологиялық эстакада бағандарының эскизын сызу, инженерлік желілердің құдықтарының детальды сұлбасын дайындау және т.б.) жинап оны жобалаушы мамандарға сызба, план, сұлба, кесте ретінде техникалық есеп құрамында көрсету.

Инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстарын орындау ретін қарастырып өтейік.

  • Ең бірінші кезекте тапсырыс берушіден техникалық тапсырма қажет (ТП). ТП-да жұмысқа қатысты барлық талаптар мен бастапқы ақпарат (орындалатын жердің мекен-жайы, жұмыс көлемі, жобаланып жатқан объект жайлы ақпарат) көрсетіледі.
  • Далалық жұмыстарға кірісер алдында жобаланып жатқан трассаның бірнеше нұсқасы жасалып, тапсырыс берушімен бірге бір нұсқасы таңдалады. Трасса таңдау барысында: трасса бойында орналасқан жер учаскелері; маршрут бойындағы рельефтің ыңғайлылығы; санитарлық күзет аумағында басқа да инженерлік желілердің болуы; басқа коммуникациялармен қиылысып өтуіне ыңғайлы жер таңдалады.

Рекогностировка — мемлекеттік геодезиялық пункттарды аралап, сақталғандарын, қолданысқа жарайтындарын анықтап, жұмысты орындау реті бекітіледі.

Рекогностировка кезінде мемлекеттік пункттарды аралап, координаттарының сәйкестігін тексеру жұмысы орындалып жатыр. «ТЭМЗ» зауытының қасында орындалып жатқан инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстары, Қарағанды облысы, Теміртау қаласы.

  • Негізгі түсіріс жұмыстарына кірісу. Түсіріс жұмыстарын бірнеше әдіспен орындауға болады. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Тахеометрлік түсіріс —  тахеометр (қазіргі таңда тек қана электронды тахеометр қолданылады, бірақ теодолит немесе оптико-механикалық тахеометр де қолданылуы мүмкін) аспабы арқылы жергілікті жерде бақыланатын нүктеге дейінгі арақашықтық пен бұрыш мәндерін өлшеп, план бетіне сызу. Қазіргі кезде тахеометрлік түсіріс құрылыс объектілері тығыз орналсқан, спутниктен келетін сигналдың өтуіне кедергі көп жерлерде қолданылады. Жергілікті жер ашық, маңайында спутниктен келетін сигналға кедергі аз жерлерде тахеометрмен қоса ЖНЖЖ қабылдағыштары (GNSS приемник немесе халық арасында GPS) арқылы RTK режимінде өлшемдер жүргізіліп, жергілікті жердің x, y, H мәліметтері жиналады. Соңғысы инженер-геодезисттердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп, ізденіс жұмыстарының орындалуына жұмсалатын уақытты ғана азайтып қоймай, сонымен бірге бағасының арзандауына өз үлесін қосты. Бұл тараптан біздің компания әлемдік нарықтағы үздік Leica (Швейцария) брендтерін қолданады.

Түсіріс жұмыстары кезінде электронды тахеометр мен ЖНЖЖ (GNSS) қабылдағыштарын қоса орындалған жұмыс күнінің соңы. Байқоңыр қаласын газдандыру жобасына байланысты орындалып жатқан инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстары, Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы.

Бұл әдістің артықшылығы: ірі масштабтағы (1:200, 1:500, 1:1000) жұмыстарды орындау кезіндегі жоғары дәлдік, өсімдік жабындысы қалың жердегі рельефті ауытқуларсыз құру, инженерлік желілерді детальды зерттеу мүмкіндігі.

Бұл әдістің кемшілігі: аэрофототүсіріспен салыстырғанда орындалу уақытының ұзақтығы.

Аэрофототүсіріс – жергілікті жер бетін биіктіктен (аспаннан) фотоға түсіріп, сол фотоны арнайы тәсілдермен өңдеу арқылы жергілікті жердің сандық моделін құру. Қазіргі нарықта кеңінен таралып келе жатқан бағыттардың бірі. Бұл әдістің қарқынды дамуына ПҰА-ның (пилотсыз ұшу аппараты) қол жетімді болып, аппараттың өзіндік құнының түсуі әсер етуде.

      Аэрофототүсіріс әдісімен 1:2000, 1:5000, 1:10000 масштабтарындағы түсіріс жұмыстарын орындау ыңғайлы. Ірі масштабтағы түсірістерді де орындау мүмкіндігі бар, алайда көп жағдайда дәлдігі жеткіліксіз болады.

Аэротүсіріс нәтижесінде алынған жергілікті жердің ортофотопланы.

Бұл әдістің артықшылығы: үлкен аумақты жылдам түсіру мүмкіндігі, жергілікті жердің тек қана сандық моделі ғана емес, сонымен қатар, актуалды фотопланы да жасалады.

Бұл әдістің кемшілігі: өсімдік, қар, мұз жамылғысы қалың болған кезде рельефті көрсету мүмкіндігінің жоқтығы және дәлдік мәнінің төменгі нәтижесі, ауа-райына (жауын-шашын, жел) тәуелділігі.

  • Далалық жұмыстардың басталуымен қатар жергілікті жерге қатысты ақпарат жинау кезеңі басталады. Әдетте инженерлік желілер мен жергілікті жерге байланысты ақпаратты жинауға арнайы бір маман бекітіледі. Оның негізгі мақсаты – инженерлік желілердің иесі, материалы мен өлшемдері; ТШ-ны (техникалық шарт) алу үшін керекті маманның аты-жөні, телефоны мен электронды адресін; маңайда археологиялық қазба жұмыстарының болуы; қорық немесе ұлттық парктердің болуы; қызыл кітапқа енген өсімдік пен жануарлардың болуы және т.б. көп ақпаратты анықтау.
  • Жиналған далалық мәліметтерді арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы өңдеп, жергілікті жердің планы және сандық моделі құрылады. Қазіргі кезде нарықта өңдеу бағдарламалары өте көп. Әр компания өзіндік жұмыс істеу ерекшелігі мен жұмыс спецификациясына байланысты, бағдарламаны өз ыңғайына қарай таңдайды. Біз өз таңдауымызды Белорусь мемлекетінің CREDO және АҚШ мемлекетінің AutoDesk бағдарламалық кешендеріне тоқтаттық.
  • Жиналған мәліметтерді өңдеу мен техникалық есеп қатар жазылып, бір уақытта аяқталады. Техникалық есепте орындалған аймақ жайлы ақпарат, орындалған жұмыс көлемі, жұмыс барысында қолданылған әдістер, геодезиялық пункттар мен реперларды теңестіру есептері мен ведомостьтары және ТП-ның (техникалық тапсырма) ерекшеліктеріне байланысты қосымша деректер де болуы мүмкін.
  • Барлық кезеңдер біткен соң, орындалған жұмыс нәтижесі редактормен тексеріліп, баспаға жіберіледі. Баспаға жіберілген жұмыс нәтижесі тапсырыс берушінің қолына тапсырылады.

Егер тапсырыс беруші топопланды жергілікті жердегі коммуналды қызметтермен келістіру (согласование) керек екендігін айтса, онда жұмыс үдерісі (процесс) мұнымен бітпейді. Келістіру жұмыстары инженерлік желілердің көптігі мен келістіру жұмысы қай өңірде орындалатынына тікелей байланысты. Кей жағдайларда келістіру жұмыстары ізденіс жұмыстарына кеткен уақыттан бірнеше есе көп уақытты қажет етуі мүмкін. Сол себептен біздің компания жұмыстың ТП кезінде келістірудің қажеттілігін біліп, осы жұмыстың өзіндік құнын анықтайды.

  • Инженерлік-геологиялық ізденістер – жергілікті жердің геологиялық және гидрогеологиялық жағдайын анықтау, яғни жергілікті жердегі грунт пен судың түр-сипаты мен физико-механикалық қасиетін, химиялық құрамын, көп жылдық климат мәліметтерін анықтау мақсатында орындалатын жұмыстар жиынтығы. Кез-келген құрылыс нысанының (объектісінің) негізі болып табылады. Геологиялық жағдайды дұрыс анықтау – өте маңызды кезеңдердің бірі.

Инженерлік-геологиялық ізденіс нәтижесі жобалаудың келесі мақсаттарын шешеді:

  • Болашақ ғимарат пен имараттың (сооружение) орналасуына геологиялық тұрғыдан ең тиімді орынды анықтау.
  • Инженерлік-геологиялық шартты анықтау нәтижесінде мүмкіндігінше ең рационалды фундаментін және болашақ құрылыс жұмыстарының технологиялық проецессі анықталады.
  • Таңдалған территорияны инженерлік тұрғысынан жақсарту үшін керекті іс-шаралардың ұсынысын беру (ол: грунтты ылғалдандыру, күшейту, мелиорация және т.б.).

Инженерлік-геолгиялық ізденіс жұмыстары далалық, зертханалық, камералды кезеңдерден тұрады.

Инженерлік-геологиялық ізденіс жұмыстарының орындау ретін қарастырып өтейік.

  • Ең бірінші кезекте тапсырыс берушіден техникалық тапсырма қажет (ТП). ТП-да жұмысқа қатысты барлық талаптар мен бастапқы ақпарат (орындалатын жердің мекен-жайы, жұмыс көлемі, жобаланып жатқан объект жайлы ақпарат) көрсетіледі.
  • Далалық жұмыстарға кіріспес бұрын жобаланып жатқан ғимарат немесе имараттың (сооружение), топопланда жасалған генпланын немесе ситуациялық сұлба негізінде ұңғымалардың орналасу орны мен тереңдігін анықтап алған жөн.
  • Рекогностировка – жергілікті жерді аралап, техниканың жүру маршруттары, жұмыстың орындалу реті анықталады.
  • Негізгі далалық жұмыстар. Бұл кезеңде негізгі геологиялық сипаттамалар, бұрғылау жұмыстары, тәжірибелік жұмыстар орындалады. Грунттың түріне және көзделген мақсатқа байланысты бұрғылау жұмыстары колонкалық, соққылық-арқандық, шнектік, механикалық, вибрационды, шайылмалы бұрғылау түрлері болады.
  • Жиналған грунттар мен судың үлгілері зертханада зерттеледі.
  • Далалық және камералды зерттеуден алынған мағлұматтарды өзара салыстырып, талдау жасап, графикалық және кестелік сызбаларда көрсетеді. Техникалық есепте барлық мәліметтер сараланып, қорытынды жазылып, жобалаушыларға болашақ қабылданатын шешімдерге сілтеме жасалады.

Барлық кезеңдер біткен соң, орындалған жұмыс нәтижесі редактормен тексеріліп, баспаға жіберіледі. Баспаға жіберілген жұмыс нәтижесі тапсырыс берушінің қолына тапсырылады.

 Инженерлік-геологиялық бұрғылау жұмыстары орындалып жатұан сәт. «ТЭМЗ» зауытының қасында орындалып жатқан ізденіс жұмыстары, Қарағанды облысы, Теміртау қаласы.

Кері байланыс

8 + 0 = ?

Мекен-жайы:
ҚР, Алматы қ., Мәметов к., 76а-үй, 2-қабат

Байланыс:
topoplan3d@gmail.com
+7-707-144-54-34

Жұмыс уақыты:
Дс-Жм: 8:00-17:00
Үзіліс: 12:00-13:00

Посмотреть на карте Алматы

WhatsApp chat